Алматыда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік өтті. Аталған шараға Волонтерлер фронт-офисының белсенді жастары белсене қатысып, қаланың тазалығына үлес қосты.
Сенбілік барысында жастар саябақтар мен көшелерді қоқыстан тазартып, жасыл желектерді ретке келтірді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен шара — қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Шараға қатысқан волонтерлер бұл сенбілікті тек тазалық жұмысы ретінде ғана емес, табиғатқа деген жанашырлық пен азаматтық белсенділіктің көрінісі деп бағалады.
«Біз үшін бұл сенбілік — туған қаламызға деген қамқорлықтың нақты іс жүзіндегі көрінісі. Әрбір азамат өзінен бастап табиғатқа жанашырлық танытса, қоршаған ортаны сақтау мүмкін болады», — деді волонтерлердің бірі.
Айта кетейік, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жұмыс істейтін Волонтерлер фронт-офисы — қала жастарының түрлі әлеуметтік, экологиялық және патриоттық бағыттағы жобаларға қатысуына мүмкіндік беріп отырған маңызды алаң. Осындай бастамалар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғамға пайдалы болуға ынталандырады.