ҚазАвтоЖол Республикалық маңызы бар жолда 18 көлік соқтығысқанын хабарлады, — деп хабарлайды qulaq-24.kz тілшісі.
Қазір жол бойынан 18 көліктің 16-сы шығарылған.
«Екі көлік бөлгіш жолақтың бойында эвакуатор қызметін күтіп тұр», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, оқиға Алматы-Өскемен тасжолында болған. 15 қаңтарда сағат 07:30 шамасында Алматы-Өскемен тасжолының (Алматы — Қонаевбағыты) 28-шақырымында 18 көлік жол апатына ұшырады.
ҚазАвтоЖол мәліметінше, жол апаты қалың тұманның салдарынан болған.
«Алдын ала ақпарат бойынша жол апатының себебі жүргізушілердің жылдамдық режимін және қашықты сақтамауы болды. Оқиға болған жол учаскесі ІА техникалық санатына жатады, 6 жолағы бар. Жол құрғақ, ақаулары мен бөгде заттары болмаған. Апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы нақтыланады», — деді бұған дейін ҚазАвтоЖол.